Алматы облысында сыныптасын өлтірген күдікті қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында сыныптасын өлтірген күдікті қамауға алынды

26.05.2025

Алматы облысында мектеп бітіру кешінде сыныптасын өлтірген күдікті қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады. Ал кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайы жан-жақты тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға 23 мамыр күні түнде, «Соңғы қоңырау» салтанатынан кейін болған. Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің түлектері коттедж жалдап, кеш ұйымдастырған. Отырыс кезінде сыныптастар арасында жанжал туындаған. Ызаға булыққан оқушы сыныптасының сол жақ тұсына кәуап пісіретін шампур тығып алған. Марқұм сол жерде тіл тартпай кеткен. Қыршыннан қиылған өрімдей жігіт – үйдің үлкені. Өзінен кейін қарындасы бар. Ал күдікті көпбалалы отбасынан шыққан.

Айдаркүл Қыдырова, марқұмның әжесі:

Далада шу шыққан кезде бұл шыққан. Ешқандай бала қалмаған, қолына шпор ұстап жүр. Бұл енді мен көндірейін деген ғой. Сол кезде жүрек тұсына тыққан ғой. Үйдің тәрбиесі жақсы болған, немерем байғұс жуас еді ғой. Кешірім бере алмаймыз. 17 жастағы бала өліп отырғанда қайтып кешірім береміз?!

Ал мектеп директоры соңғы қоңырау шарасы аяқталған соң сынып сағаты өткізілді. Кейін түлектер ата-аналарымен бірге үйлеріне тарқасты деп отыр.

Перизат Әбдібаева, Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің директоры:

Соңғы қоңырау осы жерде болды, ата-аналар келді. Ата-аналар мен балалар үйлеріне қайтты. Үйлерінен фото жіберіп отырды. Ол кісілер қолхат жазып берді, ешқайда бармайды деді. Балалар үйде отырады деді.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу

OSZAR »