Президент медицина қызметкерлерін құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент медицина қызметкерлерін құттықтады

13.06.2025

«Медицина қызметкерлері – ең қадірлі мамандық иелері». Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарын төл мерекесімен құттықтап, отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттады.

Бүгінде еліміздің денсаулық саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі ерен. Ұлт саулығын сақтауға бүкіл өмірін арнаған әулеттер де бар. Жиында Президент дәрігерлермен Ақордада алғаш кездесіп отырғанын және бұл жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды. Атап айтсақ, соңғы 5 жылда 800-ге жуық емхана мен аурухана салынды. Ең бастысы ана мен бала өлімі 12 пайызға азайып, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Жыл сайын 45 мемлекеттен 10 мыңға жуық адам Қазақстанға емделуге келеді. Бұл саланың деңгейі біршама артқанын аңғартады. Сондықтан азаматтардың денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін мамандардың әрқайсысы марапатына, сый-құрметке әбден лайық, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе жаһандық індет, яғни ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін.

Құралбай Құрақбаев, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедра меңгерушісі:

Бүгін алғаш рет біздің денсаулық сақтау саласының тарихында, тәуелсіз Қазақстан тарихында медицина қызметкерлерінің салтанатты шарасы Ақордада өтіп жатыр. Бұл сіздің медицина қызметкерлерінің еңбектеріне баға беріп, құрмет көрсетіп отырғаныңыздың белгісі. Сізге көп-көп рақмет!

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу

OSZAR »