Түркістан облысында көптен күткен көпір пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көптен күткен көпір пайдалануға берілді

30.06.2025

Түркістан облысының Төлеби ауданында жаңа көпір пайдалануға берілді. Балдыберек өзенінің үстіне салынған өткелдің құрылысына 38 млн теңге бөлініп, 2019 жылы тапсырылуы тиіс болатын. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары 5 жылға кешікті.

Көпір құрылысының аяқталуына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлері араласып, септігін тигізді. Жұмысты аяқсыз қалдырған мердігер сотталып, көпірді басқа компания салып берді.

Айта кетейік, бұл өткел Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын байланыстырады. Оның ұзындығы — 42 метр, ені — 10 метр. Қазір екі ауылдың тұрғындары көпірден қиналмай өтіп, қатынас жақсарды.

Сейітжан Қаратаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

Біздің ауылда көпір салынды. Мыңдаған адамның рахметі сол көпір құрылысында. Қатысқан, қызмет жасаған Түркістан облысы антикор басшыларына, бірнеше рет келіп, тексеріп, қадағалап тұрғандарына мың алғысымызды айтамыз.

Сәбит Әсілбек, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұзақ мерзімді құрылыс нысандарына сүйемелдеуге ерекше назар аударады. Олардың уақытылы аяқталуына және пайдалануға берілуіне тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Түркістан облысы тәуекелдер картасына тапсыру мерзімі бұзылған 8 әлеуметтік нысан енгізілген болса, бүгінгі күні екі көпір мен бес мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу

OSZAR »