Алматылық ғалым су астында жүзетін құрылғы ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық ғалым су астында жүзетін құрылғы ойлап тапты

30.06.2025

Алматылық ғалым су астында жүзетін құрылғы ойлап тапты. Ермұхамед Қалменовтың жобасы көлдер мен өзендердің биожүйесін зерттеу, картасын жасау, су астындағы инфрақұрылымдарды тексеру немесе жаңа байланыс жүйелерін жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба авторының айтуынша, бұл құрылғы баға мен сапа жағынан шетелдік роботтармен бәсекелесе алады.

Ермұхамед Қалменов және оның командасы бұл жобаны екі жыл бұрын қолға алған. 30 метр тереңдікке дейін сүңги алатын құрылғы алты моторлы. Пульт арқылы басқарылатын суасты аппараты Қапшағай су қоймасында сынақтан сәтті өтті.

Ермұхамед Қалменов, ғалым:

Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінің тұздылығын, олардың биожүйесін зерттеу, сондай-ақ қауіпті жағдайларда қазақстандық ТЖМ мамандарына көмектесу – осы құрылғының қолдану салаларының бірі.

Суасты дронның үлгісі қолжетімді әрі қарапайым материалдардан жасалған. Құрылғыға екі бейнебақылау камерасы, судың лайлылығын және температурасын өлшейтін бірнеше датчик орнатылған.

Марс Ринат, стартап жобаның қатысушысы:

Қазір Қазақстанда су асты дрондарын шығаратын бірде-бір кәсіпорын жоқ. Бұл құрылғы жасанды интеллект көмегімен су астында жатқан мәйітті де анықтай алады. Кешен 8-ден 12 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады.

Жоба авторларының айтуынша, бүгінде мемлекеттік және жеке кәсіпорындар суасты технологияларын шетелден сатып алады. Ал отандық жас ғалымдардың бұл құрылғысы — сапасы жағынан шетелдікінен кем емес, тіпті кей жағдайда тиімдірек.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу

OSZAR »