Гималай шыңын бағындырған қос ару - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гималай шыңын бағындырған қос ару

08.05.2025

Аспан біздің тынысымызды ашады. Көкте еркін қалықтаған қос парашютші қыз Балжан Мұсатаева мен Маржан Сайранова осылай дейді. Шыдам мен шеберлікті серік еткен арулар Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарында қызмет етіп жүр. 

Балжан Мұсатаева – парашютші-нұсқаушы болып қызмет ететін жалғыз ару.

Ол өз саласының қыр-сырын жетік біледі. Кәнігі маман арқасына 17 келі тартатын ауыр жүкті салып, 150 рет көк аспаннан төменге құлдилаған. Сын сағатта сәтті шешім қабылдайтын мәрт қыз биыл ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Балжан Мұсатаева, лейтенант, ІI дәрежелі «Айбын» орденінің иегері:

Біз аспанды жақсы көреміз. Парашютпен самғаған кезде жан-жағамызда көрген дүниеміз мүлдем басқаша. Парашютпен секіріске баруға кейбір ер адамдардың жүрегі дауалай бермейді. Біз секіріске барған кезде секірмеймін деген ер адам болмайды. Бізге қарап қанаттанады.

Маржан Сайрановаға да таң-тамаша боласың. Небәрі бір жылда түрлі парашюттің жүйесін жетік меңгеріп, 50 рет секірген. Қаршадай қыз әскери салада әуелі қатардағы мейірбике болып еңбек етті. Қос жауапкершілікті арқалаған ару уақытымның көбі дайындықпен өтеді, дейді.

Маржан Сайранова, аға санитар – нұсқаушы:

Физикалық түрде де, моральдік түрде де дайындық болуы керек. Парашюттің кез келген уақытта қателігі шығып қалуы мүмкін. Ол уақытта тезірек шешім қабылдап, өзіңнің өміріңді сақтап қалуың керек. Осы саланы жүрегіңмен таңдасаң, ол саған ешқашан қиындық болып көрінбейді.

Балжан мен Маржан былтыр ел намысын қорғап, Гималай шыңын бағындырды. Олар 3200 метр биіктіктен қару-жарақпен секіріп, тау басындағы алаңға дәл түскен.

Аруларымыз парашютші қыздардың тобын құрып, түрлі оқу-жаттығу жарыстарына қатысуды көздейді.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу

OSZAR »