Тасқыннан зардап шеккен халық жаңа үйдің сапасына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккен халық жаңа үйдің сапасына наразы

21.05.2025

Ақмола облысындағы Атбасар қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға салынған үйдің сапасы сын көтермейді. Жаңа баспананың қабырғалары жарты жыл өтпей, көгеріп кеткен. Қыста пәтердегі жылу желілерінен ақау шығып, салдарынан қабырғаларына сызат түсті. Мемлекет қаржысына салынған үйдің одан басқа да ақаулары көп.

Баспананы тез тапсыруға асыққан құрылысшылардың жіберген олқылықтары жетерлік. Ең бастысы үйдің жылу жүйесі дұрыс тартылмаған, дейді тұрғындар. Оның үстіне терезе жақтаулары мен төбеден жер гулеп тұрады. Ал беті линолеуммен қапталған еден үгітіліп жатыр. Кәріз құбыры да дұрыс жұмыс істемейді деп, тұрғындар ашынып отыр.

Амангелді Секеров, Атбасар қаласының тұрғыны:

Ақпан айына дейін киіммен суық болды. 16 градустан жоғары көтерілмеді. Сосын қосымша жылу беріп, 20-дан кішкене көтеріліп, көзіміз ашылды. Сол ақпанға дейін бізде көгеру басталды.

Ермек Құсшыбаев, Атбасар қаласының тұрғыны:

Соңына дейін бітпеген жүйеге біздің септик пен канализацияны соған қоса салған. Енді көктемде біздің септиктер толып, жетөленің бәрі суға, канализацияның бүкіл нәжісіне толды. Бүкіл үй иістеніп кетті. Оны көлікпен келіп, бәрін сорып әкетіп отырды. Бірақ ол шаруа емес қой.

Бүгінде 45 пәтерлі түрғын үйдің тек жартысына ғана адамдар қоныстанған. Себебі ақауы көп үйге көшуге қауіптеніп отыр. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде 32 акті толтырылды. Жауапты орган өкілдері де тұрғындардың шағымдары орынды екенін мойындап отыр.

Аңсағай Смағұлов, Атбасар қаласының құрылыс бөлімінің басшысы:

Ондай ақау болды. Бұл үй эксплуатацияға негізі 6 қарашада енгізілген болатын. Сондықтан сыз басталды. Негізі бұл үйдің өзіндегі жылу жүйесі ақау беріп тұр. Бізде шарт бар, мемлекеттік сатып алу шарты. Сол бойынша екі жылдық кепілдік бойынша жасамаған кезде сотқа беріп, міндетті түрде жасатқызамыз.

Бұл - астаналық мердігердің үй құрылысында жіберілген олқылықтарды жою бойынша тұрғындармен осымен екінші кездесуі. Осы жолы да арыз-өтініштері бойынша кемшіліктерді тізіп, жазып алды.

Құрмет Беккужинов, мердігер:

Ақпан айында да кемшіліктер бойынша жұмыс істедік. Ақау актілеріне тұрғындар қол қойды. Міне, екінші рет келіп отырмыз. Басқа да арыздары бойынша жұмыстарды ертеңдері бастаймыз. Біз тығылып, қашып жүрген жоқпыз. Кемшіліктерді де жоққа шығарып отырған жоқпыз. Әр өтініш бойынша ақауларды жоямыз.

Жалпы, шаһарда соңғы 10 жылда тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға арнап 18 көпқабатты тұрғын үй салынып, бір жатақхана қайта жөндеуден өткізілді. Сөйтіп мыңнан аса атбасарлық баспаналы болды. Ал мемлекет қаржысына салынған соңғы үйдің кемшіліктерін мердігер шілденің ортасына дейін жоямын деп сендіріп отыр.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу

OSZAR »